Н.Төреқұлов музей филиалы
Жалпы мәлімет
Н.Төреқұлов музейі 2006 жылы қараша айында қоғамдық негізде Н.Назаровтың басшылығымен Түркістан қаласындағы С.Ерубаев музейінде арнайы бөлме ашылған.
2008 жылы музей жеке ғимаратқа көшіп, 25 наурыздан бастап Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің филиалы болып бекітілді. Музейдің ашылу салтанатына алыс-жақын шетелдерден ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Музейдің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Тайыр Мансұров, Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов қатысты. Сол жылы музейге ҚР Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев арнайы келді.
Музейдің экспозициясын жасаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, дизайнер Аманжол Найманбай.
2018 жылы тамыз айынан бастап Нәзір Төреқұлов музейі Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты музей филиалы. 2021 жылы Ұлы Дала Елі Орталығына қарасты музей филиалы болып бетілді













Музей ғимараты бір қабаттан тұрады. Ауданы 221,5 ш/м аумақты құрайды. Музей үш залдан тұрады:
1. Н.Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері;
2. Н.Төреқұлов – дипломатия көшбасшысы;
3. Кино зал.
Нәзір Төреқұлов музейінде ай сайын Нәзір Төреқұловты насихаттау, жастарға таныстыру мақсатында түрлі іс-шаралар мен көрмелер өтіп тұрады. Музейге айына 300-ге жуық көрермен келіп тұрады. Олардың басым бөлігі қалалық және қала маңындағы елді-мекендерден келген мектеп оқушылары, колледж студенттері мен қала қонақтары мен тұрғындары. Музейді және Н.Төреқұловты насихаттап, облыстық және жергілікті баспасөз беттеріне,
әлеуметтік желі – Facebook парақшасында (Нәзір Төреқұлов музейі) үнемі жарияланып тұрады.
Музей экспозициясын Н.Төреқұловтың өмірі мен қызметі жайындағы мұрағат құжаттары, суреттері, қол қойған бұйрықтары, баспасөз бетіне жарияланған мақалалары толықтырып тұр. Сонымен қатар Н.Төреқұловтың қызы Әнел Нәзірқызының музейге арнайы тапсырған әкесінің жеке заттары: жұмыс столы мен орындығы, жұмыс кабинетінде қолданған сиясауыты, патефоны, қол сандығы және әкесі Төреқұлдың ұстаған жез құманы сияқты экспонаттарымен бірге Н.Төреқұловтың өз қолымен салған суреттері бар.
Музей қорындағы экспонаттар саны – 826. Негізгі қор – 194, көмекші қор – 632 экспонаттан тұрады.
Нәзір Төреқұлов музейінің мекен-жайы Түркістан қаласы, Ғ.Мүсірепов көшесі №3. Байланыс телефоны +7725-33-3-18-28
Ашылу Кезіндегі Фотолар










