Ұлы Дала Металлургиясы
1. «Металлургия» залы
Қазақ халқының қара шаңырағы – киіз үй бейнесінде жасалған алғашқы зал «Ұлы дала металлургиясы» деп аталады. Бұл жерде қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісінің жасалу кезеңі көрсетіледі.
Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
1.Пеш – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Ерте темір дәуіріне жататын металлургиялық пештің макеті. Мақала аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде осыдан екі жыл бұрын Қарағанды облысы, Алап қонысынан б.з.д ХІІІ ғасырға жататын темір балқытуға арналған пеш табылды. Бұған дейін қазақ даласынан ең ертесі VIII ғасырға жататын пештер табылған болатын.
2.Мыс қазан – IV-VI ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйым.
Сақ қола қазаны. 1911 жылы Ертіс өзенінің жартастарында, Железин ауданының Башмачное маңында б.з.д VI –V ғасырларға жататын сақ тайпаларының қола қазандығы табылған.
3.Қола дәуірі пешінің макеті. Негізінде қола дәуірі адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Металлургияның кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасаудың кең етек алған кезеңі.
4.Ұста құралдары. Көрік – ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің қос көрік, қол көрік, аяқ көрік деген түрлері бар. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар бұл жерде ойыс ауызды қысқыш, имек ауызды қысқыш, сүйір ауызды қысқыш, шымшуыр, от көмгіш, төс және балта көрсетілген.
5.Тастар. Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың 34 түрі ұсынылып отыр.
6.Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған металдан өндірілген бұйымдар. Б.з.д І ғасырдағы жебе ұштары, б.з І ғасырына жататын қанжар, ақинақ және ХІІ-ХІІІ ғасырдың жебе ұштары мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар (өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік) қойылған.



