Ұлы Дала Жауһарлары
«Ұлы дала жауһарлары» залы
Көріп отырғандарыңыздай, бұл залдың экспозициясы – «Алтын адам» мен «Аңдық стильге» арналады.
1.Есік қорғаны. Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылғы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Алтын адамды археолог Кемел Ақышев тапқан. Археологиялық зерттеулер Алтын адамның б.з.б V – IV ғасырларда өмір сүргенін анықтады. Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі қанатты тұлпар елтаңбамыздың негізгі элементі болды. Осылайша Алтын адам Қазақстанның брендіне айналған. Бүгінде әлемнің көптеген елдерін аралап шыққан «Алтын адамның әлем музейіне шеруін» 2 млн астам шет ел көрермендері тамашалап Ұлы даланың озық мәдениетімен танысты.

2.Аралтөбе – 1999 жылы Аралтөбе қорғанынан табылған алтын адам. Табылған бұйымдар, киім үлгілері және салынған өрнектердің, әшекейлердің табиғаты бұл ескерткіштің қазақ даласында б.з І ғасырында өмір сүрген сармат тайпаларына жататындығын дәлелдеп отыр. Археологиялық олжаны белгілі археолог Зейнолла Самашев тапқан. Осынау алтынмен көмкерілген жауынгерді оның болат семсеріне қарап ғалымдар сарматтардың көсемі деген қорытындыға келген. Қалпына келтірген Қырым Алтынбеков.

3.Миялы. Атырау облысынан «Миялы қорғаны» кешенінен табылған алтын адамды ІІІ-ІV ғасырда Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр. Миялы қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Марат Қасенов. Әйелдің үстіндегі киімі, әртүрлі жәдігерлері мен бұйымдарының көбісі алтыннан жасалған. Сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасаған.

4.Елеке сазы. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Елеке сазы қорымынан б.д.д VIII-VII ғасырлардағы ерте сақ кезеңінің адамы. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен қазба жұмысы Қазақстан тарихының ірі жаңалығын ашып отыр. Антропологтардың айтуынша, табылып отырған сүйек 17-18 жастағы жігіттікі. Оның бойы – 160-170см. Онымен бірге жерленген жәдігерлер жақсы сақталған, сол себепті «Алтын адамның» костюмі мен сырт келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жерленген адамның киімі басынан-аяқ алтынмен апталған. Бозбаланың мойнында оның биік әлеуметтік мәртебесі болғанын айғақтайтын бақыр бар. Қорамсақ пен алтын қынға салынған қанжары да бірге жерленіпті.

Экспонаттар:
Ат әбзелдерінің әшекейі б.з.д IV-IIIғғ. Шығыс Қазақстан Берел обалары
Тік жақтаулар арасындағы жолбарыстың басы пішінді айылбастар. Есік қорымы, Жетісу. Б.з.д IV-III ғғ.
Мойын алқасы. Есік қорымы, Жетісу. Б.з.д IV-III ғғ.
Горит – б.з.д ІІІ ғғ. ағаштан, былғарыдан және киізден жасалынған, садақтың жебелерін салуға арналған қорамсап.
Ритон – жануардың (ит, қошқар, ешкі, жылқы) немесе адамның басы түрінде сұйықтық ішуге арналған кең шұқыр тәрізді ыдыс. Белгілі бір құдайдың құрметіне құрбандық шалу немесе шарап ішудің рәсімдерінде жиі қолданылған.
Ақинақ – б.з.д VIII ғғ. Шығыс Қазақстан Елеке сазы қорымы
Шоқпар ХХғ
Асатаяқ
Ортағасырлық көшпенділердің салтанатты белбеулерінің сәндік әшекейлері.
Анықтама үшін: Залда ілінген аңдық стильде орындалған әшекейлер. Жүйрік және жыртқыш аңдар, олардың арпалысы бейнеленген.




